Бағалау компанияларына

Бағалаушымен еңбек шартын жасасқан заңды тұлғалар өз жұмысында "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын мүдделер қақтығысын және бағалау қызметінің сенімін жоғалтуға әкелетін басқа да салдарларды болдырмау үшін ескеруі қажет.

Мүдделер қақтығысы – бағалаушының, бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаның немесе сарапшының мүдделілігі бағалау туралы есептің немесе сарапшылық қорытындының анықтығына әсер етуі мүмкін жағдай.

Үлестес тұлғалар – бағалаушының қызметіне ықпал етуге қабілетті, бағалау объектісінің ықтимал нарықтық немесе өзге құнын айқындау жөніндегі шешімді тікелей және (немесе) жанама түрде қабылдау және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың біреуінің) қабылданатын осындай шешімдеріне, оның ішінде жасасқан мәмілеге орай тікелей және (немесе) жанама түрде ықпал ету мүмкіндігіне ие жеке және (немесе) заңды тұлғалар.

Егер бағалау жүргiзу нәтижесiнiң анықтығына терiс әсерін тигiзуi мүмкiн болса, бағалаушының қызметiне тапсырыс берушiнiң не өзге мүдделi тұлғалардың араласуына, оның iшiнде бағалау жүргiзу кезiнде анықталуға жататын мәселелер шеңберiн шектеуге жол берiлмейдi.

Бағалаушылармен еңбек шартын жасасқан заңды тұлғалардың:

- бағалау жүргiзу кезiнде тапсырыс берушiден бағалау объектiсіне, сондай-ақ бағалауды жүзеге асыру үшін қажеттi құжаттамаға толық көлемде қолжетiмдiлiкті қамтамасыз етудi талап етуге;

- тапсырыс берушiнің бағалауды жүзеге асыру үшін қажеттi түсiндірмелерін, сондай-ақ қосымша мәлiметтер алуға;

- қажеттілігіне қарай маманды (мамандарды) бағалау жүргізуге қатысуға шарттық негізде тартуға;

- егер тапсырыс беруші бағалау жүргізу шартының талаптарын бұзған және бағалау объектісі туралы қажетті ақпараттың берілуін қамтамасыз етпеген жағдайларда, бағалау жүргізуден бас тартуға;

- мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бағалау жүргізуге қажетті ақпаратты үшінші тұлғалардан жазбаша немесе ауызша нысанда сұратуға құқығы бар.

Бағалаушылармен еңбек шартын жасасқан заңды тұлғалар:

- бағалау қызметiн жүзеге асыру кезiнде осы Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң және бағалау қызметі стандарттарының талаптарын сақтауға;

- бағалау туралы анық емес есептің жасалуына жол бермеуге;

- объективтi бағалау жүргiзуге кедергi келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, тапсырыс берушiге немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаға өзiнiң бағалау жүргiзуге қатыса алмайтындығы жөнінде хабарлауға;

- бағалау жүргiзу барысында тапсырыс берушiден және үшiншi тұлғалардан алынатын құжаттардың, ақпараттың сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз етуге;

- тапсырыс берушінің талап етуі бойынша бағалаушылар палатасына мүшелігі туралы ақпарат беруге;

- бағалау туралы жасалған есептерді бес жыл бойы сақтауға;

- есеп жасалған күнді және оның реттік нөмірін, бағалау объектісін, айқындалған құнның түрін көрсете отырып, көрсетілген кезеңде қол қойылған бағалау туралы есептер туралы ақпаратты бағалаушылар палатасы көздеген тәртіппен тоқсан сайын беруге;

- ипотека шартын жасасу кезінде, сондай-ақ кепілге салынған мүлікті өткізу кезінде қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті бағалау туралы есептердің көшірмелерін ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-інен кешіктірмей өзі мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасына беруге;

- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдардың, өзге ұйымдардың, лауазымды адамдардың, өзі мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасының талап етуі бойынша оларға сақтаулы тұрған бағалау туралы есептердің көшірмелерін немесе ақпаратты беруге;

- тапсырыс берушіні жосықсыз бағалаушылар тізілімімен таныстыруға міндетті.

Егер:

1) бағалаушының бағалау объектiсiне қатысты шарттан тыс заттық немесе мiндеттемелiк құқықтары болса не ол осы құқықтарды иемденетін болса;

2) бағалаушының бағалау объектiсiне мүліктік мүддесі болса;

3) бағалаушы тапсырыс берушінің үлестес тұлғасы болып табылса;

4) тапсырыс беруші-заңды тұлға бағалаушының кредиторы немесе сақтандырушысы болып табылса;

5) бағалаушы тапсырыс беруші-заңды тұлғаның акционерi, құрылтайшысы, жұмыскерi, меншiк иесi, қатысушысы, кредиторы, дебиторы, демеушiсi болып табылса не бағалаушы жеке тұлғаның – тапсырыс берушiнің жақын туысы немесе жекжаты болып табылса;

6) бағалаушы заңды тұлғаның жұмыскері болып табылғанда, заңды тұлғаның басшысы не ол уәкілеттік берген адам жеке тұлғамен – тапсырыс берушімен және (немесе) заңды тұлғаның басшысымен не уәкілетті адамымен жақын туыстық немесе жекжаттық байланыста болса;

7) жасалған жария шарттардан туындайтын міндеттемелерді қоспағанда, бұл мүдделер қақтығысының туындауына алып келсе немесе осындай қақтығыстың туындау қатерін төндірсе, бағалаушылармен еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаларға бағалау жүргізуіне болмайды.

Бағалауды жүзеге асыру кезінде бағалаушылар палатасы, бағалаушы, бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға, тапсырыс беруші немесе үшінші тұлғалар арасында туындайтын, оның ішінде бағалау туралы есептің сараптамасын жүргізу арқылы шешілмеген даулар сотта шешіледі.