Бағалау туралы есепті сараптау

Бағалау объектісінің бағалау туралы есепте белгіленген нарықтық немесе өзге құны шамасының анықтығы туралы, оның ішінде дәл осы объектіні бағалау туралы қолда бар өзге есепке байланысты да дау болған жағдайда, бағалау туралы есептің сараптамасы жүргізілуі мүмкін.

Бағалау туралы есептің сараптамасын Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалауды жүргізген бағалаушы мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасының сараптама кеңесі жүргізеді.

Бағалау туралы есептің сараптамасы бағалау туралы есепке дау айтатын тапсырыс берушінің және (немесе) үшінші тұлғаның бастамасы бойынша жүргізіледі.

Бағалау туралы есептің сараптамасы бағалау туралы есептің сараптамасына бастама жасаған тараптың есебінен жүргізіледі.

Бағалау туралы есептің сараптамасы бағалау туралы есепке дау айтатын тұлға мен бағалаушылар палатасы арасындағы шарттың негізінде жүргізіледі.

Бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі дайындаған оң немесе теріс сарапшылық қорытынды бағалау туралы есеп сараптамасының нәтижесі болып табылады.

Бағалау туралы есептің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасының талаптарына сай келетіні туралы және (немесе) бағалау объектісінің бағалау туралы есепте айқындалған құнының расталғаны туралы тұжырым қамтылған сарапшылық қорытынды сарапшылық кеңестің оң қорытындысы болып танылады.

Бағалау туралы есептің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасының талаптарына сай келмейтіні туралы және (немесе) бағалау объектісінің бағалау туралы есепте айқындалған құнының теріске шығарылғаны туралы тұжырым қамтылған сарапшылық қорытынды сарапшылық кеңестің теріс қорытындысы болып танылады.

Бағалау туралы есепке дау айтатын тұлға мен сарапшылық қорытындыны берген бағалаушылар палатасы арасында туындайтын дауларды сот қарайды.