Бағалау стандарты – бағалау қызметi саласындағы уәкiлеттi орган бағалау қызметiнің субъектілері үшін бағалау объектісінің нарықтық немесе өзге құнын айқындауға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін нормативтiк құқықтық акт.
Бағалаушылар палатасының қағидасы – бағалаушылар палатасы әзірлейтін және бекітетін, бағалаушылар палатасы мен оның мүшелерінің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын құжат.
Бағалаушылар палатасының стандарты – бағалаушылар палатасы әзірлейтін және бекітетін, бағалаушылар палатасы мүшелерінің көрсетілетін қызметтеріне қойылатын бірыңғай және міндетті қағидаттарды, сипаттамаларды олардың көп мәрте пайдалануына арналған талаптар белгіленетін құжат.
Халықаралық бағалау стандарттары – Бағалау стандарттары жөніндегі халықаралық кеңес қабылдаған бағалау стандарттары.
Бағалау қызметінің стандарттарына бағалау стандарттары және бағалаушылар палатасының стандарттары жатады.
Реттелуі өзге мемлекеттік органның құзыретіне кіретін саланы қозғайтын бағалау стандарты тиісті саладағы уәкілетті органмен келісілуге жатады.
Бағалау стандарттары халықаралық бағалау стандарттарының негізінде әзірленеді және Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес келуге тиіс.
Бағалаушы "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес бағалау әдістері мен бағалау тәсілдерін бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына оның көзін көрсете отырып, дербес қолдануға құқылы.
Бағалаушылар өз жұмысында Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы №519 бұйрығымен бекітілген Бағалау стандарттарын басшылыққа алады:
"Жылжымалы мүліктің құнын бағалау" бағалау стандарты;
- "Жылжымайтын мүлiктiң құнын бағалау" бағалау стандарты;
- "Құн түрлері" бағалау стандарты;
- "Зияткерлiк меншiк объектiлерiнiң және материалдық емес активтердiң құнын бағалау" бағалау стандарты;
- "Бизнесті бағалау және бизнеске қатысу құқығы" бағалау стандарты;
- "Қаржы құралдарын бағалау" бағалау стандарты бекітілсін.
Бағалаушылар палатасы өзінің барлық мүшелерінің орындауы үшін міндетті бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларын бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органмен және өзін-өзі реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеуге және бекітуге құқылы.
«Қазақстан Бағалаушылар Достастығы» Өзін-өзі Реттейтін Ұйым» Бағалаушылар Палатасының Стандарттары
«Қазақстан Бағалаушылар Достастығы» Өзін-өзі Реттейтін Ұйым» Бағалаушылар Палатасының Қағидалары